"№39 қазақ орта жалпы білім беру мектеп-лицейі"КММ
0
14 Наурыз - Көрісу күні

Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады.

 

Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі.


Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бір ерекшелігі - «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.


Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал - Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққанын айтқанбыз. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт - көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.