Кез келген бала дарынды, тек уақытында нақты қабілетін анықтап, дамыту керек дейді. Ал қарсы көзқарастағылардың айтуынша, дарындылық – өте сирек құбылыс, жалпы адамдардың өте аз тобына ғана тән. Сондықтан дарынды балаларды іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей. Біз дарынды деп белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшеленетінін айтып жүрміз. Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшеліктің одан әрі дамуына көмектеседі. Қолайлы ақуал, тамаша кәсіби ұстаздық ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады.
Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Алайда оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Осы орайда біздің мектебімізде дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік.
2021-2022 оқу жылы № 39 ҚОЖББ мектеп ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Мектебіміздің 9 «А» класс оқушысы Садықова Гауһар және 9 «В» класс оқушысы Шулкатова Аружан Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық практикалық орталығы 2022 жылдың 21 - 25 ақпан аралығында орыс әдебиеті пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында III дәрежелі дипломдармен марапатталып, ұжым абыройын асқақтатты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымымыздағы орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші - Шудабаева Жайнагул Мырзакановнаның еңбегін айтып өткім келеді.
Осының бәрі де аяулы да, ардақты ұстаз Жайнагул Мырзакановнаның үлкен жетістігі. Солардың күн демей, түн демей дамылсыз еңбек етуінің арқасында жеткен табыс. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі.
Оқушылары сайысқа түскенде бірге қобалжып отыратын жандардың бірі – осы жетекшісі. Шәкірт жетістігіне шын жүректен қуанып, балаша мәз болар № 39 ҚОЖББ мектебі ұжымының қарапайым да талантты ұстаздары. Әр шәкіртіңіз осылай толағай табысқа жетіп, қуана беріңіздер демекпін.