Баяндама
Педагогикалық кеңес
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Таяуова Салтанат Жубаткановна -мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жемқорлық әлеуметтік экономикалық даму үдерісіне, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің нығаюына, мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына да кері әсерін тигізіп, болашақтағы еліміздің дамуына үлкен қатер төндіруде. Ол заң үстемдігіне, демократия мен адам құқықтарына қатер төндіріп, билікке, мемлекеттік басқару, теңдік пен әлеуметтік әділдік қағидаттарына нұқсан келтіреді, бәсекелестікке кедергі келтіреді, экономикалық дамуды қиындатып, демократиялық институттардың тұрақтылығы мен қоғамдық моральдық ұстанымға қауіп төндіреді. Қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістер жағдайында елде қабылданған бағдарламалық құжаттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл мәселелеріне айрықша назар аударылады. 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының басты ерекшеліктеріне қазіргі кезеңдегі жұмыстың басым бағыттарының бірі – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда барынша табысқа жеткен елдердің тәжірибесін талдау қоғамда сыбайлас жемқорлықты рухани-этикалық деңгейде қабылдамау ахуалын қалыптастыру мейлінше тиімді тәсіл екенін көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың феномені болып табылады. Қоғамдық сананың әртүрлі нысандары бар, олардың көмегімен адамдар оларды қоршаған табиғатты, қоғам мен өздерін сезінеді. Моральдық (адамгершілік) саяси, құқықтық, эстетикалық, діни сана болып бөлінеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана» ұғымы қоғамдық сананың барлық нысандарын қамтиды. Бұл интегративті ұғым, себебі ол өзіне әртүрлі ғылым саласынан ақпаратты сіңіреді, әртүрлі оқу пәндерінде зерделенеді және ол туралы білімді тұжырымдауда зерттелетін құбылысты түсінудің жаңа деңгейіне шығады[1]. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қоғамдық сананың өзге де нысандарымен тікелей өзара байланыста болады және қоғамдық санаға тән барлық қасиеттер және сипаттамаларды меңгереді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл адамдардың сыбайлас жемқорлыққа әлеуметтік зұлымдық ретіндегі қатынасын білдіретін ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез- құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы санаға нысандандыру, белгілілік пен кесімділік тән. Сондай-ақ моральдық және құқықтық міндеттерді орындауға қатаң бақылау талабы тән[2]. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл жаппай сана және оның жекелеген элементтері емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – сыбайлас жемқорлықты қабылдамау негізінде жататын осы жүйемен тіпті сәйкес келмейтін құндылықтар жүйесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамгершілік пен азғындық (орынды және орынсыз, мейірімділік пен зұлымдық, пайдалы және пайдасыз), құқықтық және құқықтық емес, ақылды және ақымақтық, тамаша және бейберекет призмасы арқылы адами қатынастар әлеміне көзқарас. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси және басқа мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін білдіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қазіргі уақытта шынайы қажетті құбылыс мәртебесін иеленеді, оны әлеуметтендіру процесінде қоғамның барлық әрекетке қабілетті мүшелері игеруі тиіс. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім – тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі»3]. Сондай-ақ, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің толық қалыптасуы үшін бірқатар шарттар керек екендігі сөзсіз. Ол үшін, ең алдымен тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мынаны көздейді: – сыбайлас жемқорлықтың мәні, оның мазмұны, мақсаттары, субъектілері, нысандары мен түрлері, іске асыру салалары, қоғам өмірінің барлық саласында көріну ерекшеліктері туралы түсінік; – моральдық-адамгершілік, этикалық мәдениетті тәрбиелеу; – құқықтық сауаттылық негіздерін қалыптастыру; – қоғам мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық уәжін ынталандыру; – мүдделер қақтығысының барлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру. Осыған байланысты мыналар қажет: – сыбайлас жемқорлыққа саналы қатынасты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтарға моральдық «иммунитетті» қалыптастыру және осының негізінде сыбайлас жемқорлықты еңсеру бойынша құзыреттерді дамыту; – Қазақстан азаматтарының мінез-құлқы моделін қалыптастыру, бұл ретте «сыбайлас жемқорлық» сөзінің өзін қабылдамау, адамгершілік тойтарыс, төзбеушілікті туындатуы тиіс; – құқықтық құндылықтарды жоққа шығару, заң мен тәртіпті құрметтемеуді білдіретін құқықтық нигилизмді жою (латынша nihil – ештеңе); – құқықтық жаппай оқу арқылы құқықтық білім мен тәрбиені қамтамасыз ету. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек [4]. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірденбір ықпал ететін фактор. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді[5]. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев белгілеген «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясының құндылықтары қазақстандық қоғамды біріктіруші ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті құруда негізін қалаушы болып табылады. Бұл – азаматтық теңдік, еңбекқорлық, ғалым мен білім ғибраты, зайырлы ел – толеранттылық елі сияқты құндылықтар [6]. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің ұлттық негіздері қоғамның жалқаулық, парақорлық, ұрлық, әділетсіздік және басқалар сияқты кеселдерін айыптау нормаларында көрінеді. Мысалы, әртүрлі этностардың мақал-мәтелдерінде халықтың алақол адамдарға деген теріс көзқарасы көрінеді: «Түйе немесе түйме ұрласа да, ұрының аты ұры», «Ұрлық жасасаң, жазадан қашып құтылмайсың», Ұлы ойшыл Абай еңбекті өз игілігі үшін барлық әлеуметтік мәнінен айырылған еңбек ретінде қарастырады. Басқаның игілігі үшін еңбек ету – адамның борышы: «өз пайдасы үшін еңбек ететін адам өзі үшін жайылып жүрген малмен тең; адамдық борышын орындай отырып, еңбек ететін адамды Құдай өзінің махаббатына бөлейді»[7]. Одан әрі бесінші сөзінде халықтың әрекетсіздігіне қынжылады: «Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен... Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен [7, 149- 150-бб.]. Осындай кәдімгі сыбайлас жемқорлықтың себептерінің бірі ретінде ұлы ақын кедейшілік және пайдакүнемдік пен атақ құмарлықтан көреді. Бұл жерде бір ғана жол бар – білім мен еңбек: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды» (оныншы сөз) [7, 143, 144, 161-бб.]. Отыз жетінші сөзінде ол осы екі қасиеттің – еңбек пен білімнің қаншалықты жоғары бағалатынын нақты айқындап береді: «Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық; Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық [7, 212-б.]. Ашкөздік пен еңбексіз баюды айыптау, еңбек пен оқу- білімге шақыру алыс және көрші халықтардың батырлары туралы тарихты кеңінен тарату арқылы даладан далаға берілетін. Қортындылай келгенде, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың этностық ерекшелігі ретінде ұлттық мәдениетті мысалға алсақ, отбасында балаларды еңбекке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да болған. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс- әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек. Жоғарыда айтылғандарға орай мынадай қорытынды шығаруға болады: ––өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасының адамгершілік жауаптылығын арттыру қажет; ––отбасында борыш, адалдық, ар-намыс, әділдік талаптарына сәйкес келетін тұлғаның мінез-құлқының адамгершілік реттеуіштерін күшейту қажет; ––адамды адамгершілік, әділдік пен ар-ождан рухында тәрбиелеу тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі ретінде қоғам мен мемлекеттің тарапынан сұранысқа ие болуы тиіс. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда этникалық ерекшеліктерді негізге алу еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуы мен рухани жаңғыруына, мемлекетіміздің алға қойған стратегиялық бағыттағы жоспарларына қол жеткізуге, мәңгілік ел болып қалыптасуына маңызды жағдайлар туғызатындығы сөзсіз.
Бүгінгі күні бүкіл әлемді қамтыған жаһандық қауіп-қатерлердің бірі бұл – сыбайлас жемқорлық, ол қалыпты даму мүмкіндігін берместен қоғамға іріткі салатын зиян құбылыс. Сыбайлас жемқорлықты жою үшін онымен бірлесіп күресу керек. Бұл үшін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет.
«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» жүзеге асыру арқылы, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша» Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл білім берудің барлық деңгейлеріне енгізілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды бірнеше кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең (6 жасқа дейін) – бала отбасында тәрбиеленіп жатқанда, сондай-ақ, балабақшада жүргенде айналасындағы әлем туралы танып біледі. Осы кезеңде рухани және моральдық-адамгершілік құндылықтар қалыптасып, қоғамдағы мінез-құлық нормалары анықталады.
Екінші кезең (7-ден 18 жасқа дейін), бұл мерзім адамгершілік мәдениет, сондай-ақ, абырой, ұят, абырой, мейірімділік, адалдық, әділеттілік сияқты қасиеттер қалыптасатын төменгі, орта және жоғары мектеп жасын қамтиды.
Бұл кезеңде сыбайлас жемқорлық пен оның зияны, құқықтық сана мен жемқорлыққа қарсы мәдениет туралы идеологиялық сипаттаулар мен ұғымдарды қалыптастыру, заңды құндылықтарды, наным-сенімдерді, заңдылықты дамыту өмірлік жағдайларды шешуде тәжірибе алу дағдыларын дамыту қажет.
Үшінші кезең (студенттік шақ). Осы кезеңде қазақстандық патриотизмді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді өмірлік көзқарас қалыптасады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жеке тұлғаның құрылуының барлық кезеңдерінде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы отбасының рөлі маңызды екендігін атап өту қажет.
Отбасы – бұл бүкіл қоғам берік байланысқан, әлеуметтік институт. Отбасы – бұл барлық бастамалардың бастауы. Тұлға болып қалыптасуда отбасының алар орны басым. Отбасында мектепке дейінгі жастағы баланың мінезінің, оның әдеттерінің негізгі ерекшеліктері қалыптасады. Ал кішкентай бүлдіршіннің қандай азамат болып өсетіндігі отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасқа да тікелей байланысты.
Отбасында жас ұрпақты тәрбиелеуге көп көңіл бөлінуі керек, өйткені, бұл оның сана-сезімінің қалыптасуына, құқықтық, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетіне әсер етеді.
Ата-ананың басты міндеті – өз балаларын қоғамға пайдалы етіп өткеннің дәстүрлеріне құрмет көрсету рухында тәрбиелеу. Отбасында адал еңбек адамгершілік негізі ретінде үстем болуы керек, ал содан кейін ғана біз тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші қорғанысты қоямыз.
Қазақстан Республикасының дамуы, халықаралық аренаға шығуы, дамыған елдердің қатарына енуі жас ұрпаққа байланысты. Осыған байланысты жастар толығымен жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді, бірнеше тіл білетін және сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмайтын болуы керек. Әрине, ар-намыс, қадір-қасиет, әділдік, адалдық сияқты жоғары моральдық қасиеттерге ие адам заңды ешқашан бұзбайды және өз халқына лайықты қызмет етеді.
Бұл қасиеттердің барлығы бастапқы сатысында балаға, әрине, отбасында беріледі. Сондықтан, ата-ана баланы тек қана кәмелеттік жасқа дейін материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етіп қоймай, рухани құндылықтарды санасына сіңіріп тәрбиелеуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу – отбасының негізгі жауапкершілігі.
Көптеген ғалымдардың айтуынша, бала ата-анасының айнадағы бейнесі іспеттес, сондықтан ата-ана баласына мысал болуы тиіс. Отбасындағы қарым-қатынас неғұрлым жоғары және таза болса, соғұрлым ол бала тәрбиесіне әсер етеді, яғни, тұлғаны физикалық, моральдық тәрбиелеудің және еңбекке баулудың нәтижесі жоғары болады.